Ағымдағы қаржы жылының алғашқы алты айында Switch 2 ойын консолінің сатылымы құрылғы қымбаттаған соң 40%-ға жуық азайды. Бұл туралы Engadget порталы жазып, infohub.kz сайты хабарлады.
Соңғы екі тоқсанда Nintendo компаниясы 6,49 миллион приставка сатты: бірінші тоқсанда — 3,82 миллион, екіншісінде — 2,67 миллион. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 37,4%-ға аз, ол кезде 10,36 миллион құрылғы сатылған. Компанияның өзінде пайдаланушылардың қызығушылығы жаңа ойын релиздерінің арқасында сақталып отырғанын атап өтті, дегенмен бастапқы қызудан кейін серпін заңды түрде баяулады.
Сұраныстың төмендеуі консоль құнының өсуімен тұспа-тұс келді. Мамыр айының басында өндіруші АҚШ-та Switch 2 бағасын 50 долларға көтеріп, 500 долларға жеткізді. Басшылық бұл қадамды жедел жады модульдерінің қымбаттауымен және Американың енгізген баж салықтарымен түсіндірді. Сонымен қатар есепті кезеңде компанияның таза пайдасы ойындардың сәтті сатылымы мен Super Mario туралы жаңа анимациялық фильмнің кассалық жинағының арқасында 11%-ға өсті.
Сұраныс суығанына қарамастан, Nintendo жылдық сатылым болжамын 16,5 миллион құрылғы деңгейінде сақтап қалды. Бұл былтырғы рекордтық көрсеткіштен шамамен 17 пайызға төмен, ол кезде приставка 19,86 миллион дана болып сатылған. Компанияның ұстанымын жылдың екінші жартысында атақты The Legend of Zelda: Ocarina of Time ойынының ремейкі нығайтуы тиіс, ол осы аптада шықты.


