Қазақстанда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеудің жаңа тәртібі бекітілді. ҰҚК төрағасының бұйрығына сәйкес, сыйақы мөлшері 17,3 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы 5 тамызда қол қойған бұйрық, дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматтарға өтініштерді қарау және сыйақы төлеу тетігін нақтылайды.
Құжатта лауазымдық міндеттеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы басшылыққа немесе уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау кіретін мемлекеттік қызметшілер ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі немесе оның аумақтық органдары тарапынан көтермеленетіні атап өтілген. Олар үшін грамота немесе алғыс жариялау қарастырылған.
Арнайы формула бойынша есептелетін сыйақы мөлшері пара сомасына немесе келтірілген залалға байланысты болады. Төлемнің ең жоғары мөлшері кезінде азамат 17,3 млн теңгеге дейін ала алады. Бұл сома қолданыстағы нормативтер мен 2026 жылға арналған АЕК мөлшеріне негізделген.
Азамат өтініш білдіргеннен кейін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органы 10 жұмыс күні ішінде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне немесе аумақтық органға қажетті құжаттарды жібереді. Бұл ретте грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау үшін азаматтың өтініші құжаттар пакетіне қосылмайды.
Материалдарды алғаннан кейін Қызмет немесе аумақтық орган бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығын және белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Содан кейін материалдарды арнайы комиссия қарайды, оның құрамына Қызметтің немесе ҰҚК аумақтық органының кемінде бес қызметкері кіруі тиіс.
Егер комиссия көтермелеу туралы шешім қабылдаса, Қызмет немесе аумақтық орган басшысы бір жұмыс күні ішінде тиісті бұйрық шығарады. Бұл бұйрық біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге, сондай-ақ грамотамен марапаттауға немесе алғыс жариялауға негіз болады.
Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банктік шотына аударылуы тиіс. Біржолғы сыйақы мөлшері белгіленген ережелерге сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаны қарау мән-жайлары мен нәтижелеріне байланысты айқындалады.
Бұйрық 22 тамызда күшіне енеді.


