Маңғыстау облысының тұрғыны 700 мың теңгеге алтын сырға сатып алып, 70 жасқа толған қайын енесіне сыйлыққа берген. Бірақ сыйлық табыс етілгеннен кейін небәрі бір жарым сағат өткенде сырға сынып, сатушы ақшаны қайтарудан бас тартқан. Алайда сауда департаменті араласқан соң, ақша толығымен қайтарылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Маңғыстау облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы 700 мың теңгеге алтын сырға сатып алған. Ол бұл сыйлықты қайын енесінің 70 жылдық мерейтойына арнаған. Сырғаны тойға шамамен бір ай қалғанда сатып алып, мерекеге алдын ала дайындалған. Алайда сыйлық табысталғаннан кейін бір жарым сағат өткенде сырғалардың бірі сынып кеткен: ол ортасынан жарылып, екі бөлікке бөлінген. Кейін бұйымның қосылу элементі өте жіңішке болып жасалғаны анықталған.

Тұтынушы сатушыға тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап еткен. Сатушы сатып алудан бір ай өткенін сылтауратып, талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Осыдан кейін тұтынушы Маңғыстау облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар «Тұтынушылар құқын қорғау туралы» ҚР Заңы аясында жұмыс жүргізіп, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге көмектескен. Нәтижесінде сатушы тауардың толық құны – 700 мың теңгені қайтарған.

Ведомство қызметкерлері еске салады: егер сіз сапасыз тауар сатып алсаңыз немесе тұтынушы ретінде құқығыңыз өзгеше бұзылса, заңды мүддеңізді қорғау үшін департаментке жүгінуіңізге болады.