Қазақстанның таэквондо құрамасы Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. Ұлттық команда бір алтын, бір қола — барлығы екі медаль иеленді. Екінші жарыс күні қоржынға медаль қосу мүмкін болмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әйелдер арасындағы 57 келіге дейінгі салмақта Тоғжан Қазнабек 1/8 финал кезеңінен бастады. Қазақстандық спортшы Иран өкілі Нахид Кияничандехпен кездесіп, 0:2 есебімен жеңіліп, жүлде үшін күресті аяқтады.
Әйелдер арасындағы 67 келіден жоғары салмақта Назым Махмутова да 1/8 финалда тоқтады. Оның қарсыласы Вьетнам өкілі Тхи Кхием Бак болды, ол кездесуді 2:0 есебімен жеңіп алды.
Тағы екі қазақстандық спортшы ширек финалға дейін жетті. 68 келіге дейінгі салмақта Самирхон Абабакиров оңтүстіккореялық Джинхо Мунмен кездесіп, 0:2 есебімен жеңіліп, медаль үшін күрестен шығып қалды.
80 келіден жоғары салмақта Бейбарыс Қаблан Иордания өкілі Мохаммад Аладарбиге қарсы ширек финалдық кездесу өткізді. Қазақстандық спортшы тартысты бәсекеде 1:2 есебімен жеңіліп, жүлделі кезеңге бір қадам жетпей тоқтады.
Бұл кездесулер Азиада-2026-ның таэквондо бағдарламасындағы Қазақстан өкілдері үшін соңғы болды. Осылайша, ұлттық команда турнирді екі наградамен — бір алтын және бір қоламен аяқтады.
Азия ойындарының чемпионы атанып, Қазақстан құрамасына алтын медаль әкелген — Тамирлан Тлеулес. Тағы бір награданы Батырхан Толеугали иеленді, ол жарыстың қола жүлдегері атанып, пьедесталдың үшінші сатысына көтерілді.


