Таиланд премьер-министрі әрі ішкі істер министрі Анутхин Чанвиракун корольдікте ұзақ уақыт тұрып жатқан шетелдіктерге қатаң ескерту жасады. Ол оларды жергілікті билікті пайдаланбауға және өлетін болса, отанына барып өлуге шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің РИА Новостиге сілтеме жасап хабарлауынша, үкімет басшысы бұл кеңесті Таиланд провинцияларының губернаторларымен өткен жиналыста айтқан. Жергілікті Nation агенттігінің дерегінше, қатаң реакцияға шетелдіктердің жеке зират салу туралы өтініші себеп болған.

«Жақында (шетелдіктер тарапынан — ред. ескертпесі) жеке зират салу туралы өтініш түскенін білдім. Бұл тым асып кетті, шектен шыққандық. Сендерді осында келуге рұқсат еткенімізге алғыс айтуларың керек. Адал еңбек етіп, күнкөріс табу үшін келуге. Егер өлетін болсаңдар — отаныңа барып өліңдер. Мұнда өлудің қажеті жоқ. Бізді пайдалануға тырыспаңдар», — деді Чанвиракун.

Премьер шетелдіктер биліктің рұқсатынсыз өз бетінше Таиланд аумағында діни мекемелер мен қауымдастықтар құрмауы тиіс екенін де қосты. Әсіресе «мейрамхана лицензиясын алып, оның орнына ғибадат үйін ашуға» жол берілмейді.

Ол өз провинцияларында шетелдіктердің құқыққа қайшы әрекеттерін, сондай-ақ олардың Таиланд дәстүрлері мен халқына құрметсіздік таныту жағдайларын қатаң түрде тоқтатуды тапсырды.

«Таиланд шетелдіктерді қабылдауға дайын, бірақ ынтымақтастық өзара тиімді болуы керек. Туризм елге қаржы мен инвестиция әкеледі, бірақ бұл ешкімге басқаларды пайдалануға немесе инвестицияны заңсыз іс үшін жұмсауға құқық бермейді», — деді премьер. Ол мұндай заңсыз іске ел аумағында бизнес ұйымдастыру кезінде Таиланд азаматтарын жалған иелер ретінде пайдалану да жататынын түсіндірді.

Ол сөз бір аймақтан ғана емес, Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия, Еуропа және Африка мемлекеттерінен келген түрлі елдің шыққандары туралы болып отырғанын қосты.

Басылымның атап өтуінше, осы аптаның басында Таиланд билігінің бұйрығымен екі жыл бұрын салынған жеке еврей зираты жойылған. Жергілікті әкімшілік оның зират лицензиясын ұзартпаған. Таиланд тұрғындарының көпшілігі буддизмді ұстанатындықтан, оның дәстүрі бойынша марқұмдардың денесі өртеледі, сондықтан елде зират өте аз. Бар зираттардың көбісі мұсылмандар мен қытайлардікі. Сондай-ақ корольдікте бірнеше ресми христиан зираты бар, оның ішінде католик және протестант зираттары, сондай-ақ православие монастырі жанындағы бір орыс православие зираты бар.