Талдықорғанда бағдарламалау мен жасанды интеллектті тегін оқытатын Tomorrow School мектебінің алғашқы өңірлік кампусы жұмысын бастады. Мұнда 2026 жылдың соңына дейін 1,5 мың адамды оқыту жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кампус облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен Jetisu Digital IT-хабының қолдауымен «Жетісу жастары» орталығының базасында ашылды. Оқу үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етілген 50 компьютер дайындалды. Мектеп тәулік бойы төрт ауысыммен жұмыс істейді, сабақтар 28 қыркүйекте басталады.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаевтың айтуынша, оқуға 15 жастан асқан адамдар қатыса алады. Арнайы білім немесе IT саласында тәжірибе қажет емес.

«Бұл — 15 жастан асқан қатысушылар үшін бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша тегін практикалық оқудан өтуге үлкен мүмкіндік. Мектеп тәулік бойы төрт ауысыммен жұмыс істейді. Сабақтар 28 қыркүйекте басталады», — деді Темірбаев.

Tomorrow School-ға түсу үшін жобаның сайтында тіркеліп, кампусты таңдап, өтінім толтырып, есте сақтау және логикаға арналған екі онлайн-ойыннан өту қажет. Сәтті үміткерлер төрт апталық интенсивке шақырылады.

Интенсивті курстан кейін үздік қатысушылар 18 айға созылатын негізгі бағдарламаға өте алады. Оқу күндізгі форматта, дәстүрлі дәрістер мен оқытушыларсыз өтеді: студенттер материалдарды өз бетінше оқиды, командаларда жұмыс істейді, бір-бірінің тапсырмаларын тексереді және бағдарламалау мен жасанды интеллект бойынша 50-ден астам практикалық жобаны орындайды.

Tomorrow School жетекшісі Әйгерім Шаймерденова түсу үшін алдын ала бағдарламалау тәжірибесі қажет емес екенін атап өтті.

Tomorrow School мектебі 2024 жылы Astana Hub базасында құрылған, қазір жоба Қазақстанның өңірлерінде кеңейтілуде.