Талдықорғанда 14 жасар қыз төрт метрдей тереңдіктегі ашық құдыққа құлап кетті. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Полицияға кәмелетке толмаған қыздың ашық құдыққа құлағаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының қызметкерлері, «Беркут-163» және «Беркут-164» экипаждары дереу жетті.

Зардап шеккен қыздың 12 жасар сіңлісі олардың мысықтың артынан жүгіргенін айтты. Бір сәтте 14 жасар қыз ашық құдықты байқамай, ішіне құлап кеткен. Құдықтың тереңдігі шамамен төрт метр болған.

«Бір минуттай уақыт жоғалтпай, полицейлер баланы жұбатты, арқан түсіріп, онымен үнемі байланыста болып, жер бетіне шығуына көмектесті. Полиция қызметкерлері Асқарбек А., Базарбаев Д., Жаманаев А., Нарікбаев Д. және Мырзахметов Д.-тың кәсіби және үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында баланы құтқарып қалды. Қызды дәрігерлерге тапсырып, қажетті көмек көрсетілді», — деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.

Учаскелік полиция инспекторлары қауіпті құдықты жабу және жауапты тұлғаларға қатысты шара қолдану туралы нұсқама енгізгені атап өтілді.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне жол бермеу және олардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажеттігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.