Талдықорғанда полиция қызметкерлері ер адамды ұстады. Оның әйелі шабуыл жасалғаны туралы арызданған. Ұсталған адамның қаруы тәркіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2 қазанда Талдықорған тұрғыны полицияға келіп, күйеуінің денесіне жарақат салып, қорқытқанын айтқан.
«Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері келіп, ер адамды ұстады. Одан пневматикалық қару тәркіленді», — деді құқық қорғау органдары.
Дене жарақатын салу және қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша оқшаулағышқа қамалды.
«Дәрігерлер тексергеннен кейін әйел мен оның баласы дағдарыс орталығына орналастырылып, қажетті көмек көрсетілді. Бұған дейін әйел полицияға шағымданбаған», — деді полиция департаментінде.
Полиция жариялаған бейнежазбада жартылай жалаңаш ер адам жеке үйдің ауласында әйелді қуалап жүргенін байқауға болады.


