Қазақстанда темекі өнімдерін таңбалау құны арзандауы мүмкін: Қаржы министрлігі бір бақылау белгісі мен сәйкестендіру құралының бағасын 2,68 теңгеден 2,66 теңгеге төмендету туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекеттік кірістер комитетінің пікірінше, бұл шара нарық қатысушыларының таңбалауға жұмсайтын шығынын азайтуға мүмкіндік береді. «Жобаны қабылдаудың мақсаты – тарифтік жүктемені азайту және темекі өнімдерін айналымға қатысушылар үшін Бірыңғай таңбалау операторының қызметтеріне объективті әрі қаржылық негізделген тарифті қолдану», – делінген құжатта.
Сондай-ақ Қаржы министрлігі бұл өзгеріс темекі өнімдерін таңбалау және қадағалау жүйесінің жұмысына әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті.
Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланған жобаны талқылау 2026 жылғы 5 қазанға дейін жалғасады.
Таңбалау – темекі қорабына түсірілетін арнайы цифрлық код. Ол арқылы тауардың қайда және қашан өндірілгенін немесе импортталғанын анықтауға, сондай-ақ сатылғанға дейінгі жолын қадағалауға болады. Мұндай жүйе мемлекетке темекі өнімдерінің айналымын бақылауға, контрафактіні анықтауға және тиісті салық төленбеген темекі сатуды тоқтатуға көмектеседі.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанның темекі экспорты бойынша рекорд орнатқанын жазған болатын. 2026 жылғы қаңтар мен наурыз аралығында ел 42,5 млн долларлық темекі өнімдерін экспорттады.


