Рамдық жол талғамайтын Tank 500 жаңа 3 литрлік дизельді қозғалтқышпен Австралия нарығына шықты. Модель 231 ат күшін өндіріп, 100 шақырымға небәрі 7,1 литр отын жұмсайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

GWM Australia компаниясында мыңнан астам алдын ала өтінім ресімделген. Толық сатылым 2026 жылдың қыркүйегінде басталады.

Дизельді нұсқаның техникалық сипаттамалары таңғалдырады: қуаты 231 а.к. (620 Нм), 9 сатылы автоматты беріліс қорабы, толық жетек, төмендететін беріліс және үш дифференциалдың бұғатталуы. Отын шығыны 100 км-ге 7,1 л құрайды, ал тіркеменің максималды массасы 3500 кг жетеді.

Жол талғамайтын көліктің өлшемдері — 5078 × 1934 × 1905 мм, доңғалақ базасы — 2850 мм. Базалық нұсқа 78 литрлік бакпен жабдықталған, ал жоғарғы модификацияда отын қоры 131 литрге дейін ұлғайтылған.

Австралияда модель Lux және Vanta комплектацияларында ұсынылады, бағасы тиісінше 66 және 72 мың австралиялық доллар (шамамен 21,7 және 23,6 миллион теңге).

Lux жиынтығына 14,6 дюймдік мультимедиа экраны, 12,3 дюймдік цифрлық панель, былғары салон, люк, екі аймақты климат-бақылау және сымсыз Apple CarPlay мен Android Auto кіреді. Vanta нұсқасы 19 дюймдік қара дискілермен, жеті орындық үш қатарлы салонмен, желдетуі және массажы бар Nappa алдыңғы орындықтарымен, проекциялық дисплеймен және панорамалық шатырмен ерекшеленеді.

Қазақстан нарығында дизельді Tank 500 әзірге ұсынылмаған. Ресми дистрибьютор жол талғамайтын көлікті 354 а.к. дейінгі қуаты бар 3 литрлік бензинді V6, 9 сатылы автомат және толық жетекпен ұсынады. Комплектацияға қарай бес және жеті орындық нұсқалар қолжетімді, бағасы 27,8 млн теңгеден 33 млн теңгеге дейін.