Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Тар бөлмеге біршама шаршы метр қосатын 12 идея

Әрқайсымыз өз үйімізді жақсы көреміз. Дегенмен артық жиһаз, жиған-терген заттар, бұйымдар мен киім-кешек онсыз да тар бөлмені одан сайын тарылтады. Bilim-all.kz бөлме ауданын біраз кеңейту үшін интерьерді үйлестіру кезінде нендей қулықтарды ескеру керек екенін айтады.

Беті айнамен қапталған жиһаз

mebelvs / susandianaharris

Шкаф-купеге кіріктірілген айналар бөлмеге тереңдік беріп, оны жарқын әрі кең етеді. Ең бастысы, асыра сілтеп, көп айна орналастырудың қажеті жоқ, әйтпесе бөлмеңіз би алаңына айналып кетуі мүмкін.

 

Қабырғалардың ашық түсі

foto-remonta / penza.online-interiors

Қошқыл жылы түсті түсқағаздар мен бояулар бір қарағанда бөлмені жайлы етіп көрсетеді, алайда шын мәнінде олар құнды кеңістікті ұрлайды. Мұндай түспен бөлмелері көп, кең үй иелері бояй алады. Егер сіздің үйіңіз ондай болмаса, ашық көк, ашық сұр, ақ түстерді таңдаңыз.

 

Әйнек жиһаз

meb-mig / neo-furniture

Әйнек жиһаз – ғажайып құрал: ол бір жағынан бар сияқты, бір жағынан жоқ сияқты. Бұл әсіресе кішкентай бөлмелер немесе тар ас үйге өте ыңғайлы. Әйнектен жасалған құралдар интерьерді жеңіл әрі салмақсыз етеді. Ал сапасы мен функционалдылығы жағынан зор ағаш жиһаздарынан кем емес.

 

Жазылмалы диван

psdesigno / decoactual

Жұмсақ төсекте демалғысы келмейтін адам жоқ шығар. Бірақ үйі тар адамдар мұндай астамдыққа бара алмайды. Алайда көңіл түсірудің қажеті жоқ – жайылмалы диван дәу төсектің орнын баса алады. Бұл ғажайып зат кеңістікті босатып қана қоймай, жатып демалуға да өте ыңғайлы.

 

Жеңіл материалдардан перделер

syndyk / vdomax

Бөлме кеңірек көрінуі үшін бөлмеге күн сәулесі кедергісіз түскені абзал. Сол себепті ашық түсті жеңіл маталардан тігілген перделер пайдаланған жөн. Ал қошқыл барқыт шымылдықтар жайлы ұмыту керек.

 

Жарықтандыру

fotodekora / nohomedesign

Жасанды жарықтандыру да бөлме кеңістігін кеңейтуде маңызды рөл атқарады. Мұнда ережелер қарапайым: жарқыраған жарық барынша көбірек түсуі керек. Аспашамдар, сәнсәуле, бра – барлығы іске жарамды. Ең бастысы, олар бөлменің жалпы стилімен үйлесуі тиіс. Сонымен қатар төбені айналдыра жарықтандыру да тамаша шешім болар еді.

 

Барынша артық бөлшектерді азайту

housesdesign / interiordesignforhouses

Әр үйде іске жарамсыз кәдесыйлар, вазалар, бұрын оқылған журналдар мен өзге де заттар бос орынды алып тұрады. Қажет емес заттардан құтылу арқылы сіз және қонақ бөлмеңіз кең тыныстап қаласыз.

 

Шкафтар

fasonmebel / design96

Егер кәдесыйлар мен ұсақ-түйек бұйымшаларды тастауға қимасаңыз, оларды тығып қоюға болады. Түсі мен түрі айналадағы интерьермен әдемі үйлесетін шкаф бөлмені безендіріп қана қоймай, оны барынша ашық және кең етеді. Ал сізге қымбат заттар әрдайым қол жетімді жерде әрі көпшіліктің назарынан тыс болады.

 

Фототүсқағаздар

ideaonline / rekvartal

«Фототүсқағаздар — бұл өткен ғасыр» деп есептейтіндер бар. Шын мәнінде олай емес. Сауатты таңдалған сурет бөлменің көркін ашып қана қоймай, сырт көзге бөлменің ауданын кеңейтеді. Назар аударыңыз: ойлағаныңыз іске асуы үшін фототүсқағаздар көріністі ашуы керек және бөлменің ортаңғы элементінен тысқары орналасуы керек. Осындай дизайнерлік тапқырлықтың арқасында жатын бөлмеңізде қарағай орманын «жайқалтып», париждік көшені «тұрғызуға» болады.

 

Көпдеңгейлі төбелер

homedesigns / stroystory

Бөлмеңіздің төбесі төбеңізден басып тұрғанын қаламасаңыз, оны қайта құрыңыз. Бірнеше деңгей қосу арқылы төбені сырт көзге бірнеше метрге көтеруге болады. Ал бөлмеге ерекшелік беру үшін қошқыл, ашық немесе ақ түстерді үйлестіріп, төбені әртүрлі түстермен әрлеңіз, сонымен қатар ерекше пішінді шамшырақтар пайдаланыңыз.

 

Шағын жиһаз

kijashi / abledesign

Бір бөлмелі пәтердегі салтанатты велюр дивандар мен алтын вензельді креслолардың дәурені өтті. Бірақ кейбіреулер әлі күнге дейін зор жиһаздарды төрт қабырғаға сидыруға тырысып қатты қателеседі. Егер үйге жиі қонақ келетін болса, бірнеше үлкен дивандарды бір бұрыш диванға алмастырыңыз. Сонда бәріне орын жетеді, кеңістік те тарылмайды.

 

Қабырғадағы картина

sklarfurnishings / designlinesltd

Бірнеше өлшемді қабырғадағы сансыз картиналар бөлмеде ығы-жығы көрінеді, адамдардың көңілін бөледі және бөлменің ауданын тарылтады. Оданша біреуін, бірақ ең әдемісін таңдаңыз. Қонақ бөлмені көркем және ірі суретпен безендіру арқылы сіз оның ерекшелігін айқындап, бөлмеңізді бос әрі кең етесіз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама