Таразда сот алаяқтық жолмен рәсімделген, сомасы миллион теңгеге жуық микрокредитті жарамсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, облыстық сот апелляциялық тәртіппен әйелдің микроқаржы ұйымына микрокредит шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
2024 жылдың мамырында талап қоюшы мен банк арасында 999 мың теңгеге микрокредит шарты жасалған. Кейін осы шарт бойынша талап ету құқықтары микроқаржы қоғамына (МҚҚ) берілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының өзі микрокредит рәсімдемегенін, оны алуға келісім бермегенін және ақшаны пайдаланбағанын анықтады. Сотқа жүгінуге бұрын заңды күшіне енген Тұрар Рысқұлов ауданы сотының үкімі негіз болды.
Үкімге сәйкес, алаяқтық әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп басқа әйел танылған. Ол даулы микрокредитті өзі рәсімдегенін мойындады. Ол талап қоюшының келісімінсіз оның ұялы телефоны мен дербес деректерін пайдаланғанын, ал алынған ақшаны өз қалауынша жұмсағанын түсіндірді.
Жауапкер талапты мойындамай, өтінім электронды түрде рәсімделгенін, қарыз алушының жеке басы биометриялық сәйкестендіру арқылы расталғанын, ал бір реттік код сенімді телефон нөмірінен енгізілгенін көрсетті.
Сот биометрия жеке басты анықтауға мүмкіндік беретінін, бірақ ол өздігінен азаматтың мәміле жасауға ішкі еркін растамайтынын атап өтті. Сонымен қатар, сот талап қоюшының атына бұған дейін басқа МҚҚ-ларда осыған ұқсас тәсілмен бірнеше микрокредит рәсімделгенін ескерді. Құжаттарды құқық қорғау органдарына беріп, айыптау үкімі шыққаннан кейін олар бойынша ақпарат жойылып, берешек есептен шығарылған.
Сот даулы шарт үшінші тұлғаның алдауы мен сенімін теріс пайдалануының салдарынан жасалды деген қорытындыға келді.
Тараз қалалық сотының шешімімен микрокредит шарты жарамсыз деп танылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына мемлекеттік баж және өкіл көмегіне жұмсалған шығыстар өндірілді. Шешім ұйым тарапынан шағымдалған, алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.


