Таразда болған ірі өрт 10 отбасын баспанасыз қалдырды — тілсіз жау екі пәтерді және барак типті үйдің шатырының бір бөлігін жойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өрт бірнеше күн бұрын тұтанған. Тұрғындардың айтуынша, жалын пәтерлердің бірінен шығып, кейін шатырға тараған. Өртті сөндіруге шамамен бір жарым сағат уақыт кеткен, сөндіруге 30 құтқарушы жұмылдырылған.

Өрттің жалпы ауданы шамамен 250 шаршы метрді құрады. Екі пәтер толығымен өртеніп, қалған бөлмелер зақымданған. Қазір тұрғындар аман қалған заттарын құтқаруға тырысуда, алайда сөндіру кезінде кейбір пәтерлерді су басқан.

«Су әлі де ағып жатыр, тоқтамай тұр. Керме төбе суға толы. Артқы бөлмеде де бәрі су астында. Көрпелер мен матрацтардың бәрі су. Міне, бәрін жайып кептіріп жатырмыз», — деді үй тұрғыны Сабира Қолдасова.

Баспанасыз 30 адам қалды, олардың ішінде бес бала бар. Зардап шеккендердің бір бөлігі туыстарының үйінде тұр, кейбіреулері уақытша арнайы орталықтарға орналастырылды. Бірнеше адам өртенген үйдің жанына жатын орнын жасап алған.

«Біз шатырда тұрып жатырмыз. Туыстары барлар сонда тұрып жатыр. Мұнда қазір ешкім тамақ пісірмейді. Коммуникация жоқ. Жалпы ешқандай көмек жоқ», — деді Ахметжан Жамалбеков.

Адамдар суықтың жақындауынан қорқып, жергілікті биліктен баспанамен көмектесуді сұрап отыр. Өрт орнына Тараз әкімі Бақытжан Орынбеков келген. Оның айтуынша, төлемдер туралы шешім төтенше жағдайлар департаментінің қорытындысы алынғаннан кейін қабылданады.

«Екі күн ішінде тергеу әрекеттері толығымен аяқталып, бізге нәтижелері беріледі. Солардың негізінде төлем мөлшерін анықтаймыз. Осы қорытынды қолымызға тимейінше, ештеңе істей алмаймыз», — деді Тараз әкімі Бақытжан Орынбеков.

Арнайы комиссия өрттің себебін анықтап, тұрғындарға келтірілген шығынды есептеп жатыр. Зардап шеккендерге бюджеттен біржолғы төлем берілуі мүмкін — оның ең жоғары мөлшері шамамен 1,3 млн теңгені құрайды.