Тараз қалалық соты қаржы орталығының мемлекеттік грант бойынша оқыған түлектен оқу шығынын өндіру туралы талабын қанағаттандырмады. Себебі жауапкерде педагогтың кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін ауыр психикалық ауру анықталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Тараз қалалық соты қаржы орталығының жауапкерге қойған оқу шығынын өндіру туралы азаматтық ісін қарады.
2016 жылы жауапкер «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша «Қазақ спорт және туризм академиясы» АҚ-ға білім грантымен қабылданған. Оқу барысында республикалық бюджеттен жоғары оқу орнының шотына 1,7 млн теңге аударылған. 2020 жылы жауапкер оқуды сәтті аяқтады.
Шарт талаптары бойынша жауапкер білім беру ұйымдарында кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс еді. Талап қоюшы сотқа жүгініп, жауапкердің небәрі 7 ай жұмыс істегенін көрсетіп, оқу шығыны ретінде 1,4 млн теңге және 1,1 млн теңге көлемінде өсімпұл өндіруді сұрады.
Сот жауапкерде оқуды бітіргеннен кейін ауыр психикалық ауру анықталғанын белгіледі. Ол бірнеше рет емделіп, психиатриялық диспансерлік есепте тұрған.
Сот жауапкердің педагогтың кәсіби міндеттерін атқаруға кедергі болатын аурудың пайда болуына жауапты бола алмайды деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен қаржы орталығының талабы толығымен қанағаттандырылмады. Шешім заңды күшіне енген жоқ.


