Таразда сот мемлекеттік қызметшіні тұрғын үй алу кезегіне қайта қосты. Ол тіркелген жерінің өзгеруіне байланысты кезектен шығарылған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтың Тараз қалалық әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне және банкке тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп тану және тұрғын үй алу кезегін қалпына келтіру туралы талап арызын қарады.
Талапкер 2017 жылғы желтоқсаннан бері «мемлекеттік қызметші» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған. 2024 жылғы қарашада тұрғын үй комиссиясының шешімімен ол тұрғылықты жері бойынша тіркелуінің өзгеруіне байланысты кезектен шығарылған.
Сот анықтағандай, тіркелудің өзгеруі Тараздағы тұрғын үйді сатуына байланысты болған, содан кейін талапкер Жуалы ауданына тіркелуге мәжбүр болған. Сот талапкердің жеке меншік тұрғын үйі жоқтығын, мемлекеттік қызметші болып жұмыс істеп жатқанын, оның санаты өзгермегенін және тұрғын үйге деген қажеттілігі сақталып отырғанын растады.
Сот тіркелудің өзгеруі талапкердің басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшкенін білдірмейді және оны кезектен шығаруға негіз болып табылмайды деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен тұрғын үй комиссиясы хаттамасының талапкерді кезектен шығаруға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, жойылды. Жауапкерлерге талапкерді тұрғын үй кезегіне 2017 жылғы желтоқсандағы бастапқы күннен бастап қалпына келтіру міндеті жүктелді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.


