Таразда сот шешімімен қажетті құжаттарсыз салынған екі қабатты сауда үйі бұзылатын болады. Жеке кәсіпкер нысанды бір ай ішінде өз қаражаты есебінен демонтаждауға міндетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының жеке кәсіпкерге қатысты талап арызы бойынша азаматтық істі қарады. Талап қоюға жоспарлы тексеру барысында анықталған бұзушылықтар себеп болды.
Сауда үйінің құрылысы кәсіпкерге тиесілі жер учаскесінде жүргізілгені, алайда сәулет-жоспарлау тапсырмасы, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарлама, жоба-смета құжаттамасы және сараптаманың оң қорытындысы болмағаны анықталды. Сонымен қатар, жұмыстар техникалық және авторлық қадағалаусыз жүргізілген.
Жауапкерге берілген нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған, осыған байланысты кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот отырысы барысында нысанның қолданыстағы қызыл сызық шегінде орналасқаны, ал жауапкердің құрылыс кезінде оның шекараларының өзгергенін біле тұра, капиталдық құрылысты бастағаны анықталды.
Сот жеке кәсіпкерді даулы сауда үйін бір ай ішінде өз қаражаты есебінен бұзуға міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.


