Өзбекстан астанасында 16 Қазақстан азаматы — жас футболшылар мен олардың жақындары ауруханаға түскеннен кейін Ташкенттің Чиланзар ауданының прокуратурасы санитарлық заңнаманы бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Gazeta.uz-ке сілтеме жасап хабарлауынша, Өзбекстан Бас прокуратурасы футбол жарысына қатысу үшін Қазақстаннан келген балалар мен оларға ілесіп жүрген туыстарының ауруханаға түсуі бойынша тергеу бастады. Іс Қылмыстық кодекстің санитарлық заңнаманы немесе эпидемияға қарсы күрес ережелерін бұзу туралы бабы бойынша сараланды. Алдын ала тергеуді Чиланзар ауданының ішкі істер органдарының қызметін үйлестіру басқармасы жанындағы тергеу бөлімі жүргізіп жатыр.

Екінші қарашада Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өңірді турнирде үш жас санатындағы жекеменшік футбол мектептері өкілдік еткенін мәлімдеді. Ол кезде 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ананың ауруханаға түскені белгілі болды. Олардың барлығы Ташкенттегі қонақүйде тұрып, сол жерде тамақтанған.

Кейін Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ташкентте қонақүйдегі таңғы астан кейін ауруханаға түскен Қарағандыдан келген жас футболшылардың жағдайы туралы ақпарат берді. Балалардың жаппай улануына қатысты Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі де мәлімдеме жасады.