Silkway CA мен China Railway Construction Engineering Group (CRCEG) бірлескен кәсіпорны Ташкент облысында көпфункционалды логистикалық орталықтың екінші кезеңін салуға келісімшарт жасасты. Жоба аясында жалпы ауданы шамамен 60 мың шаршы метр болатын заманауи қойма нысандары салынады, деп хабарлайды infohub.kz.

Жаңа қуаттар құрамына ауданы 41 472 шаршы метр А+ сыныпты қойма және ауданы 18 432 шаршы метр көпсекциялы тоңазытқыш кешені кіреді. Тоңазытқыш қойма көп аймақты температуралық бақылау жүйесімен жабдықталады, бұл терең мұздатудан өнімді қысқа мерзімді салқындатуға дейінгі әртүрлі сақтау режимдерін бір уақытта қолдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тауар қалдықтарын есепке алудың және өнімдерді түсу мерзімі бойынша сұрыптаудың автоматтандырылған жүйесі қарастырылған.

Логистикалық орталықтың бірінші құрылыс кезеңі 2026 жылғы наурызда басталып, теміржол инфрақұрылымын, контейнерлік терминал мен қойма қуаттарын құруды қамтиды. Екі кезең де бір бас мердігер – CRCEG қатысуымен жүзеге асырылады, бұл технологиялық шешімдердің сабақтастығы мен құрылыстың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етеді. Негізгі жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

Көпфункционалды логистикалық орталық Ташкент облысының Янгиюл ауданындағы 159,4 гектар аумақта салынуда. Silkway Central Asia жобасы Қазақстан мен Өзбекстанның үкіметаралық ынтымақтастығы және екі ел президенттері қол жеткізген уағдаластықтар аясында іске асырылуда. Құрылыс операторы – 2025 жылғы наурызда құрылған, қазақстандық PTC Holding компаниялар тобы мен «Ўзбекистон темир йўллари» АҚ қатысуымен құрылған Silkway CA ЖШС бірлескен кәсіпорны.

Жаңа орталық PTC Holding компаниясының қалыптасып келе жатқан көліктік-логистикалық нысандар желісінің бөлігі болады. Оған Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Dostyk TransTerminal контейнерлік терминалы және Грузияның Поти портындағы Poti TransTerminal кіреді. Бұл нысандар Қытайды, Орталық Азияны, Кавказды және Қара теңізді байланыстыратын халықаралық бағдарлардың негізгі учаскелерінде жүктерді өңдеу мен ауыстырып тиеуді қамтамасыз етеді. Ташкент облысындағы орталықтың іске қосылуы аймақтың қоймалық және терминалдық қуаттарын кеңейтуге, сондай-ақ оның халықаралық жеткізу тізбектеріндегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.