Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Тәтті ботқа

Баяғыда бір кішкентай қыз болыпты. Оның жалғыз шешесі бар екен. Шешесі екеуінің тұрмыстары нашар болады. Кейде, тіпті үйлерінде ішерге ас табылмай қалады.

Бірде қыз орманда серуендеп жүреді. Ол сонда қарт әжейді жолықтырады. Әжей қыздың басындағы ауыр жағдайды естіген соң, оған түбі жалпақ, ауызы кең құмыра береді.

Міне, қызық! Құмыраның сиқыры бар екен. Оған тек «Құмыра, ас пісір!» десең болғаны, сол сәтінде бүлк-бүлк қайнап, дәмі тіл үйірер бидай ботқасын дайындай бастайды. Ал «Құмыра, оқтай ғой!» десең, қайнағанын тоқтата қояды.

Қыз қуанып, сиқырлы құмыраны үйіне алып келеді. Сол күннен бастап шешесі екеуі аштық пен кедейшіліктің не екенін ұмытады. Олар қарындары аша бастаса болғаны, құмыра дайындаған тәтті ботқаға тойып алады.

Күндердің күнінде қыз орманға серуендеуге шығып кетеді. Шешесі оны арыбері күтеді. Қызы кешіккен соң, ботқа жегісі келіп:

— Құмыра, ас пісір! — дейді.

Сиқырлы құмыра бүлкілдеп қайнап, бидай ботқасын пісіре бастайды. Әйел оны мақтай-мақтай, дәміне тамсана отырып, әбден жейді. Енді тоқтатайын десе, қандай сөз айту керек екенін ұмытып қалыпты. Құмыра пісіріп жатыр, пісіріп жатыр. Тіпті, бір кезде көпіріп, ернеуінен асып, төгіле бастайды.

Сәлден соң ас үйдің іші ботқаға толады. Одан әбден көпіршіген ботқа бүкіл бөлмелерге жайылады. Құмыра шаршайтын емес. Біраздан соң ботқа көрші үйді, одан әрі бүкіл көшені басып қалады. Мұны тоқтатудың жолын ешкім таба алмайды.

Бір уақытта, ботқа ең соңғы үйге жеткен кезде, қыз да оралады. Ол:

— Құмыра, тоқтай ғой! — деп айғай салады, құмыра басыла қалады.

Осы оқиғадан соң қалаға кіргісі келген әрбір адам ботқа жеп, өзіне жол ашатын болыпты.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама