Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким енді компанияның бас директоры қызметін атқармайды. Ресейдің мемлекеттік тізілімінің дерегінше, 19 қарашадан бастап бұл лауазымды Алексей Куликов иеленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі РБК-ге сілтеме жасап хабарлағандай, өзгерістер Ресейдің заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінде (ЕГРЮЛ) тіркелген: 19 қарашадан бастап Татьяна Ким Wildberries бас директоры болудан қалды, ал осы күннен бастап бұл қызметті Алексей Куликов атқарып отыр.

RWB компаниялар тобының баспасөз қызметі «Известияға» бас директордың ауысуы Wildberries-тің ағымдағы жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді. Татьяна Ким топтың стратегиялық дамуына жауапты болып қала береді.

DW хабарлауынша, 16 қарашада Еуроодақ Татьяна Кимді санкциялық тізімге енгізген. ЕО билігі мұны Wildberries Ресейдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі болып табылатынымен және ресейлік қарулы күштерді жабдықтайтын желі ретінде әскери және қос мақсаттағы тауарларды сатуға ықпал ететінімен түсіндірді.

27 тамызда Татьяна Ким Ресейдің ең бай әйелдері рейтингісін қайтадан басқарғаны белгілі болды. Былтыр ол өз байлығын өзі тапқан планетаның ең бай әйелдері рейтингісіне де еніп, 18-орынды иеленген еді.