Шығыс Қазақстан облысы соттарының апелляциялық алқасы «Таза Өскемен» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы директоры мен директорының орынбасарына, сондай-ақ бір кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі қайта қарады. Бұрынғы үкім күші жойылып, іс бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шығыс Қазақстан облысы соттарының Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазылғандай, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Өскемен қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2026 жылғы 2 шілдедегі үкімін «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК бұрынғы директоры мен директорының орынбасарына және кәсіпкерге қатысты күшін жойды. Іс бойынша жаңа айыптау үкімі шығарылды.
Апелляциялық саты бұрынғы директор мен оның орынбасарының әрекеттерін ерекше ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру деп, ал кәсіпкердің әрекеттерін жымқыруға көмектесу деп саралады. Бірінші сатыдағы сот бұл әрекеттерді бұрын алаяқтық деп бағалаған болатын.
Сот анықтағандай, кәсіпорын жыл сайын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен Өскемен көшелері мен жолдарын күтіп ұстауға 1,5 млрд теңгеден астам сомаға шарт жасасқан.
Осы жұмыстар аясында директор мен оның орынбасары үшінші айыпталушы — кәсіпкерге бағынышты ұйымдармен тоғыз жалған шарт жасасуға мұрындық болған.
Құжаттарда құм, жол битумы және басқа да материалдарды жеткізу, сондай-ақ қызмет көрсету қарастырылған. Алайда тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген, жұмыстар орындалмаған.
Осыған қарамастан, кәсіпорынның қаражаты аталған ұйымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген. Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 61 199 334 теңгені құрады.
Сотта саралаудың не себепті өзгергені түсіндірілді.
Мұнда аталған қаражаттың кәсіпорын басшыларының қызметтік міндеттеріне байланысты олардың иелігінде болғаны және оларға сеніп тапсырылғаны құқықтық бағалау үшін елеулі мәнге ие болғаны атап өтілді. Алаяқтықтан өзгеше, жымқыру сеніп тапсырылған мүлікті кінәлінің немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз айналдыруды көздейді. Кәсіпкерге осы қылмысты жасасуға жәрдемдесу тағылды.
Апелляциялық сатыда бұрынғы директор мен орынбасары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, кәсіпкер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотталды.
Үшеуінің әрқайсысына мемлекеттік қызметте лауазымдарды өмір бойы атқару құқығынан айыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК бұрынғы басшылығы мен кәсіпкерге қатысты тергеу туралы хабарлаған болатын. Қылмыстық кірістерге күдіктілер Өскеменнің элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6 M, Subaru Forester көліктерін, сондай-ақ соттың санкциясымен тұтқындалған жер учаскелерін сатып алғаны атап өтілген.
КМК бұрынғы директорына қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.


