«Таза Қазақстан» бастамасы аясында елімізде 3,8 млн тоннадан астам қалдық жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ведомство басшысының айтуынша, бастама аясында бүкіл ел бойынша 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке елорданы абаттандыру мен көгалдандыру жөнінде баяндама жасады. Соңғы жылдары қалада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік ретке келтірілді. 2026 жылдың соңына дейін тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық аймақты, оның ішінде саябақтар, скверлер мен бульварларды абаттандыру жоспарлануда.
Сонымен қатар Есіл өзенінің бойында қаланың түрлі бөлігіндегі саябақтарды, серуендеу және спорт алаңдарын біріктіретін үздіксіз жасыл маршрут жасау көзделіп отыр.
Бұған дейін «Курсив» Тоқаевтың жастармен және экоактивистермен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында Президент саябағында ағаш отырғызғанын хабарлаған. 19 қыркүйекте барлық өңірде Дүниежүзілік тазалық күніне орай қоғамдық кеңістіктерді тазалау жұмыстары жоспарланған.


