Жақында Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүректі тоқтатпай, кеуде қуысын ашпай жасалатын бірқатар аз инвазиялы оталар жүргізілді. Ауыр митральды регургитациясы бар пациенттерге TEER (транскатетерлі митральды клапан пластикасы, «шеті-шетіне» технологиясы) әдісімен ем жасалды… деп хабарлады infohub.kz сайты.
Шеті-шетіне (TEER) технологиясы бойынша транскатетерлі митральды клапан пластикасына арналған халықаралық практикалық шеберлік сыныбы қазақстандық кардиологтар мен Қытай мамандарын біріктірді. Бірлескен оталарға Шаньдун университетінің Цилу ауруханасы эхокардиография департаментінің директоры, профессор Лю Янь, құрылымдық араласуларға интраоперациялық эхокардиографиялық сүйемелдеу бойынша халықаралық сарапшы, профессор Ань Гуйпэн және маман Чжан Чао қатысты.
Қазақстан тарапынан жоғары технологиялы араласуларды ҒЗИ-дың рентгенэндоваскулярлық операциялық бөлімінің меңгерушісі Алексей Колесников басқарған мультидисциплинарлы топ орындады. Операциялық топ құрамына интервенциялық кардиологтар Алмат Қалжанов, Нұржан Теменов, Арыстан Кужукеев және Маржан Ілиясқызы кірді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алдымен дәрігерлер пациенттерді клиникалық талдаудан өткізіп, науқастарды іріктеудің заманауи тәсілдері мен TEER процедурасын орындау ерекшеліктерін талқылады. «Барлық ота митральды клапан қақпақшаларын тәуелсіз ұстап, митральды регургитацияны тиімді жоюға мүмкіндік беретін заманауи DragonFly жүйесін қолдану арқылы орындалды», — делінген хабарламада.
Өңеш арқылы эхокардиографиялық бақылаудың арқасында DragonFly жүйесінің дәл орналасуы, нәтижені объективті бағалау және барлық кезеңдерде пациенттердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Барлық ота сәтті өтті.
ҒЗИ мамандары кардиохирургиядағы жаңа технологияны меңгеру ауыр митральды регургитациясы бар пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.


