Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстанда ата-аналарды мемлекеттік қолдау шараларына қатысты адастыруы мүмкін ақпарат таралуда. Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Дезінформацияға қарсы күрес орталығы тегін тамақ пен материалдық көмек — бұл әртүрлі шаралар екенін және олар барлық оқушыларға берілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дезінформацияға қарсы күрес орталығының Telegram-арнасында оқу жылы қарсаңында Қазақстанда тегін мектеп тамағы мен баланы мектепке дайындауға арналған материалдық көмек бірдей мемлекеттік қолдау шарасы және барлық оқушыларға тиесілі деген қате түсінік тудыратын ақпарат таралып жатқаны атап өтілді.

«Бұл мәлімдеме қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмейді. Бұл — әртүрлі мақсаттары, берілу шарттары мен алушылар шеңбері бар екі дербес мемлекеттік қолдау шарасы», — деп түсіндірді орталықта.

«Білім туралы» заңның 6-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Мұндай көмекті беру тәртібі ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы қаулысымен белгіленген.

«Көмек, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де санаттарға беріледі», — делінген хабарламада.

Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында 1-4 сынып оқушыларының барлығы әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні, сондай-ақ 5-11 сынып оқушыларының жекелеген әлеуметтік осал санаттарына жататындары да қамтылатыны атап өтілді.

«Өз кезегінде, киім, аяқ киім және мектеп-жазу құралдарын сатып алуға арналған материалдық көмек атаулы сипатқа ие және заңнамада көзделген тиісті негіздері бар мұқтаж балалар мен отбасыларға беріледі», — деп қосты орталықта.

Осылайша, орталықтың ақпараты бойынша, жекелеген санаттағы оқушыларға атаулы көмекті барлық оқушыларға тиесілі төлем ретінде ұсыну ата-аналарда негізсіз үміт тудырып, мемлекеттік әлеуметтік саясаттың мазмұнын бұрмалайды.