Американдық әнші Тейлор Свифт Род-Айленд штатының тұрғынына 50 мың доллар (шамамен 23,3 миллион теңге) аударды. Бұл қаражат жол апатынан кейін жасөспірімдерді құтқару кезінде ауыр жарақат алған әйелге арналған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға 18 шілдеде Хопкинтон қаласындағы I-95 тас жолында қатты жаңбыр кезінде болған. Эшли Таунтон жасөспірімдер отырған көліктің басқарудан шығып, жолдан ауып кеткенін көрген. Ол дереу тоқтап, зардап шеккендерге көмекке ұмтылды.

Ол жасөспірімдерге көліктен шығуға көмектесіп жатқанда, тағы бір көлік басқарудан шығып, тіке олардың қарай беттеген. Эшлидің күйеуінің айтуынша, ол соңғы сәтте жасөспірімдердің бірін жолдан итеріп жіберіп, соққыны өз мойнына алған.

Нәтижесінде Таунтон аяғынан ауыр жарақат алып, ішкі ағзалары зақымданған. Оның жіңішке және тоқ ішектері зардап шеккен, бауыры мен көкеті жарылған, соның салдарынан бір өкпесі жабылып қалған. Әйелге кемінде үш операция жасау қажет болған.

Осы уақыт бойы Эшли әлеуметтік желілерде қалпына келу процесі туралы бөлісіп отырған. Ол ауруханадағы, дәрілік комада жатқан сәттерін суретке түсіріп, кейін аяғына фиксатор тағып үйге оралғанын көрсеткен.

Свифттің қайырымдылығы туралы Эшли жұма күні біліп, мұндай көмек күтпегенін айтқан. Ол әлеуметтік желілерде әншінің бұл әрекетін керемет деп атап, қолдауы үшін алғыс білдірген.

50 мың доллар көлеміндегі қайырымдылық қаражаты өз өмірін қатерге тігіп, басқаларды қауіпті жағдайдан құтқарған әйелдің емделу шығындарын жабуға жұмсалады.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Тейлор Свифт пен Трэвис Келсидің мың қонақ қатысатын той өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған.