Ұлттық статистика бюросының жаңа зерттеуі қазақстандықтардың темекі тарту жиілігі азайғанын көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанда ересек тұрғындар арасында темекі тұтыну бойынша кезекті жылдық сауалнама жүргізілген.

«Сауалнама республиканың барлық облыстарында, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Сауалнамаға 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығынан бір-бір адам қатысты», — делінген хабарламада.

Алынған нәтижелер бойынша, сауалнамаға қатысқан үй шаруашылықтары мүшелерінің арасында қазіргі уақытта темекі тартатындардың үлесі 15,1% құрады, бұл 2025 жылғы 17,5%-дан 2,4 пайыздық тармаққа төмен.

Ауылдық жерлерде темекі тартатындардың үлесі 17,8%, қалалық жерлерде — 14,0%.

Ерлер арасында темекі тұтынатындар 30,5%, әйелдер арасында — 4,9%.

Темекі тартатындардың жалпы санынан 98,6% өнеркәсіптік жолмен өндірілген темекі шегеді, 0,4% электронды темекі, 0,9% темекі қыздыру жүйелері, 0,1% басқа темекі бұйымдарын пайдаланады.