Сапар Сатаев Теміртауға жаңа әкім болып тағайындалды. Бұған дейін ол Балқаш қаласының басшысы қызметін атқарған, деп хабарлайды infohub.kz.

Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісу бойынша Теміртау әкімі болып Сапар Сатаев тағайындалды.

Жаңа басшыны қала активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Ол қала басшысының алдында тұрған басым міндеттерді атап өтті.

«Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқару жүйесінде айтарлықтай тәжірибесі бар, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы біледі және қажетті дағдыларға ие. Сонымен қатар, Балқаштағы жұмыс тәжірибесі оған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе Теміртауда да қала құрушы металлургиялық кәсіпорынмен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін сәтті қолданылады деп сенемін. Оның басшылығымен жылумен және сумен жабдықтауды жаңғырту, жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жобалар іске асырылды, бұл коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз – теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы және қауіпсіз қалалық орта құру, сондай-ақ қаланың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету», — деді өңір басшысы.

Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бастады. Әр жылдары «Ботақара су шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директорының орынбасары және директорының міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентін басқарды. 2013–2015 жылдары Абай қаласының әкімі қызметін атқарды, кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болды. Кейінірек Приозерск қаласының әкімі болды. 2023 жылдың мамырынан жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Балқаш қаласын басқарды.

Өз кезегінде Сапар Сатаев Теміртаудың бүгінгі өмірін, қандай мәселелер ерекше назар аударуды қажет ететінін және тұрғындардың қандай шешімдерді күтетінін жақсы білетінін атап өтті. «Теміртау — адал еңбекті, жауапкершілікті және нақты істерді бағалайтын қала. Менің қызметім де осыған бағытталады», — деп атап өтті Сапар Сатаев.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Ғалым Әшімов Теміртау әкімі қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Ол бұл лауазымды 2024 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келген.