Теміртауға жаңа әкім тағайындалды. Ол – Сапар Сатаев. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кандидатураны ұсынып, қала басшысының алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы жаңа әкімнің алдына тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту және Теміртаудың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету міндеттерін қойды.

Ермағанбет Бөлекпаевтің айтуынша, Сапар Сатаев мемлекеттік басқаруда мол тәжірибесі бар, аумақтардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы біледі және қажетті басқарушылық құзыреттерге ие. Облыс басшысы сондай-ақ Сатаевтың Балқаштағы жұмыс тәжірибесі оған ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Бұл тәжірибе Теміртауда қажет болады, мұнда экономикадағы негізгі рөлді қала құраушы металлургиялық кәсіпорын атқарады.

Ермағанбет Бөлекпаев Сапар Сатаевтың басшылығымен өткен жылдары жылумен жабдықтау және сумен қамту жүйелерін жаңғырту, автомобиль жолдарын жөндеу және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды жобалар іске асырылғанын еске салды. Бұл инженерлік желілердің сенімділігін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

«Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз – теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, жайлы және қауіпсіз қалалық орта құру, сондай-ақ қаланың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету», — деді Қарағанды облысының әкімі.

Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» РМК-да бастаған. Түрлі жылдары «Ботақара су қожалығы» КМКК директорының орынбасары және директор міндетін атқарушы қызметтерін атқарған. Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әр жылдары Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентін басқарған. 2013-2015 жылдар аралығында Абай қаласының әкімі қызметін атқарған, кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. Кейін Приозерск қаласын басқарған. 2023 жылдың мамырынан жаңа тағайындауға дейін Балқаш қаласының әкімі болды.

Теміртау активінің алдында сөйлеген Сапар Сатаев қаланың тұрмысын жақсы білетінін, негізгі мәселелерді түсінетінін және тұрғындардың қандай шешімдерді күтетінін айтты. «Теміртау әрқашан адал еңбекті, жауапкершілікті және нақты істерді бағалайтын қала болды. Менің қызметім де осыған бағытталады», — деп атап өтті жаңа әкім. Оның айтуынша, назарда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту және теміртаулықтарды толғандыратын өзекті мәселелерді дәйекті шешу мәселелері қалады.