Қаржы нарығының мамандары теңге бағамына қатысты болжамдарын әлсіреу жағына қарай түзетті. Қазақстан Ұлттық банкінің сауалнамасы бойынша, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 500 теңге, ал 2028 жылы 566,6 теңге деңгейінде болады деп күтілуде, деп хабарлайды infohub.kz.

Макроэкономикалық сауалнамаға AERC, Alatau City Bank, Alatau City Invest, BCC Invest сияқты ұйымдардың, сондай-ақ басқа да инвестициялық және қаржы компанияларының өкілдері қатысты. Сарапшылар доллар бағамына қатысты күтулерін қайта қарап, теңгенің нығаюына деген оптимизмді біршама төмендетті.

Олардың болжамы бойынша, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 500 теңге болады (бұған дейін 498,8 теңге болып болжанған). 2027 жылы 532,1 теңге (өзгеріс +0,6 теңге), ал 2028 жылы 566,6 теңге (+4,1 теңге) күтіледі. Инфляция бойынша 2026 жылға арналған болжам 10% деңгейінде қалды, 2027 жылға 8%-дан 7,8%-ға дейін жақсартылды, 2028 жылға — 6,8%. Сарапшылар бес жылдан кейін инфляция 5,4% болады деп күтуде.

ЖІӨ өсімін бағалау біршама төмендетілді: 2026 жылы 4,9%-дан 4,8%-ға, 2027 жылы 4,7%-дан 4,6%-ға, ал 2028 жылы 4,3% деңгейінде сақталды. Brent мұнайының бағасы бойынша ағымдағы жылға күтулер барреліне 86,1 доллардан 84,6 долларға дейін төмендеді. Базалық мөлшерлеме болжамы өзгеріссіз қалды: 2026 жылы 16%, 2027 жылы 12,8%, 2028 жылы 10,6%.

Қазіргі уақытта доллар бағамы 469,55 теңгені құрайды. Кеше теңгенің айтарлықтай нығаюынан кейін американ валютасы қайта өсе бастады. 15 шілдедегі сауда-саттық қорытындысы бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа өлшемді бағамы 470,53 теңге болды.