АҚШ-тың Теннесси штатында 50 жастағы Криста Пайктың өлім жазасы 30 қыркүйекке белгіленді. Үкім орындалса, ол осы штатта 1819 жылдан бері өлім жазасына кесілген алғашқы әйел атанады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Криста Пайк өлім жазасын күтіп жүргеніне шамамен 30 жыл болды. Қазіргі үкім оған 1996 жылы, 18 жасында жасаған қылмысы үшін шығарылған еді.
Тергеу анықтағандай, 1995 жылы Пайк қызғаныштан өзін бәсекелес санаған 19 жастағы курстасын өлтірген. Ол 17 жастағы жігітімен бірге құрбанын орманға алып барып, жарты сағат бойы азаптаған. Кісі өлтіру ерекше қатыгездігімен көзге түсті: марқұмның денесіне сатаналық таңба ойып жазылған, ал Пайк өлтірілген қыздың бас сүйегінің бір бөлігін олжа ретінде алып кеткен.
Сотталған әйелдің қорғаушылары үкімнің орындалуын соңғы сәтке дейін тоқтатуға тырысты. Адвокаттар штат губернаторына 226 беттен тұратын өтініш жолдап, кешірім сұрады. Заңгерлер Пайктың ауыр балалық шағын, басынан өткерген зорлық-зомбылығын, сондай-ақ биполярлық және посттравматикалық бұзылыстар сияқты психиатриялық диагноздарын алға тартты.
Адвокаттар өлім жазасы жарақат алған жасөспірім жасаған қылмыс үшін тым ауыр жаза деп талап етті. Алайда Теннесси губернаторы өтінішті қабылдамай, үкімді күшінде қалдырды.
Айта кетейік, Пайктың сыбайласы 1996 жылы өлім жазасынан құтылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Сот қылмыс жасалған кезде оның кәмелетке толмағанын ескерген.


