Ел бойынша үш мыңға жуық қатысушы, екі лига және бір ұлттық чемпион: Алматыда киберфутболдан Red Bull Wings Cup 2026 турнирі аяқталып, оның жеңімпазы астаналық Тимур Рахишов атанды. Енді ол 80 елдің финалистері арасында Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Red Bull Wings Cup Kazakhstan 2026 ұлттық финалы 8 қарашада Алматыдағы Central Stand Up Club алаңында өтті. Ашық және университеттік лигалардың іріктеу кезеңдерінен өткен мықты ойыншылар ел намысын халықаралық аренада қорғау құқығы үшін таласты.

Ұлттық финалдың шешуші кезеңінде төрт ойыншы кездесті: Тимур Рахишов (misatonyx), Адият Тулепбергенов (Tulik9), Ақназар Бексеитов (aka_nolito) және Алишер Муканали (alish_back). Финалистердің әрқайсысы киберфутболда өз жолынан өтті — достарымен алғашқы матчтардан бастап ұлттық чемпионаттарға, халықаралық турнирлерге қатысып, кәсіби командалар сапында ойнады.

Жарыс қорытындысы бойынша Red Bull Wings Cup Kazakhstan 2026 турнирінің жеңімпазы астаналық Тимур Рахишов (misatonyx) болды. Тимур Nomad Venture Studio компаниясында әзірлеуші болып жұмыс істейді, ал киберфутболға бала кезінен әуес. Оның жолы FIFA 14-тен басталып, әуесқой жарыстар біртіндеп кәсіби мансапқа ұласты.

Тимурдың жетістіктері қатарында Setanta Pro League 2019 жеңісі, Students League 2025 чемпиондық атағы, Games of the Future 2026 ұлттық іріктеуіндегі жеңіс және GOTF Contenders 2026 бірінші орны бар. Сол жылы ол ACF құрамында Games of the Future турнирінің үздік 5–8 қатысушысы қатарына енді.

Жарыс тәжірибесі мол болса да, Тимур турнир алдында әдетте қатты толқитынын мойындайды. Алайда Red Bull Wings Cup ұлттық финалы ерекшелік болды: «Әдетте мен қатты толқып, турнир алдында тыныш ұйықтай алмаймын, бірақ бұл жолы толқу мүлде болмады», — деп бөлісті Тимур.

Енді misatonyx Қазақстанның намысын АҚШ-тың Майами қаласында өтетін Red Bull Wings Cup әлемдік финалында қорғайды. Онда әлемнің 80 елінен келген ұлттық кезең жеңімпаздары халықаралық атақ үшін таласады.

Red Bull Wings Cup — әртүрлі дайындық деңгейіндегі ойыншыларды біріктіретін киберфутболдан халықаралық турнир. Жарыстар ашық және университеттік лигалар аясында өтіп, қатысушыларға ұлттық іріктеуден әлемдік финалға дейінгі жолды жүріп өтуге мүмкіндік береді.