Каспий теңізінің жағалауында Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері мен олардың отбасыларына арналған «112 Resort Aktau» демалыс орталығы жұмысын бастады. Бұл Қазақстандағы алғашқы ведомстволық курорт, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жоба аясында 45 заманауи капсулалық үй орнату жоспарланған. Оның жетеуі қоныстануға толық дайын: олар отбасылық демалысқа есептелген және барлық қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталған.
Орталық аумағында өткізу пункті, әкімшілік ғимарат, мейрамхана, балалар ойын алаңы, екі субұрқақ, теңіз суы үздіксіз айналып тұратын бассейн, ашық душ, пирс, барбекю аймағы, дәмхана және автокөлік тұрағы жабдықталған.
«Аумақ абаттандырылған: асфальт жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдары салынып, сыртқы жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар отырғызылды. Демалыс орталығы қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген», — деп атап өтті ТЖМ.
Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне арналған жеке үй салынған. Олар тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Орталықтың алғашқы қонақтары курорт аймағын салу мен абаттандыруға қатысқан құтқарушылар, өрт сөндірушілер және олардың отбасы мүшелері болады.


