Қазақстандық «Тобол» мен литвалық «Паневежис» арасындағы УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчы 1:1 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстан Кубогының иегері ретінде еурокубок маусымын екінші кезеңнен бастаған қостанайлық клубқа «Аукштайтия» стадионындағы кездесу оңайға соқпады: 45-минутта сенегалдық қорғаушы Сейдина Кейтаның голынан кейін үй иелері есеп алға шықты.
Қонақтар матч соңында есепті теңестірді. 84-минутта черногориялық қорғаушы Неманья Цавнич қазақстандық жартылай қорғаушы Асхат Тағыбергеннің асыра салған допын қақпаға бағыттады. Ал Тағыберген екінші таймда пенальтиді соға алмады — 60-минутта оның 11 метрлік нүктеден тепкен соққысын литвалық қақпашы Витаутас Черняускас қайтарды.
«Тобол» қақпашысы Сұлтан Бұсырманов бірінші таймда жарақат алып, 41-минутта оның орнына Данил Устименко шықты.
Жауап матч 30 шілдеде Қостанай қаласында өтеді. Екі матчтың жеңімпазы үшінші іріктеу кезеңінде сербиялық «Партизан» немесе люксембургтік «УНА Штрассен» клубымен кездеседі. Жеңілген команда еурокубоктердегі жолын аяқтайды.


