Қостанай облысында Тобыл өзенінің арнасынан заңсыз ірі көлемде құм өндіру ісі бойынша тергеу аяқталды. "СТС-Цемент" ЖШС басшысының әрекетінен келтірілген залал 719 млн теңгені құрады, деп хабарлайды infohub.kz.

Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі департаментінің мәліметінше, компания басшысы мемлекет берген жер қойнауы учаскесінің сыртында Тобыл өзенінің тікелей арнасы мен жағалау сызығынан өзен құмын өнеркәсіптік жолмен өндіруді ұйымдастырған. Жұмыстар гидромеханикаландырылған тәсілмен, өзен түбінен екі земснарядты пайдалана отырып жүргізілген. Сатылған құмның жалпы көлемі 113 мың текше метрден асып, сомасы 719 млн теңгені құраған.

Заңсыз әрекет салдарынан су және жер ресурстарына елеулі экологиялық залал келтірілген: Тобыл өзенінің арнасы өзгерген, жағалау сызығы бұзылған, гидрологиялық режим бұзылған, батпақтану учаскелері пайда болған. Ғарыштық суреттердің дерегінше, су қоры жерлерінің бұзылған ауданы 28 мың шаршы метрден асқан.

Табиғи кешенді қалпына келтіру үшін жағалауды нығайту, арнаны тазарту және бұзылған жерлерді рекультивациялау жұмыстары қажет болады. Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне тыйым салынды: 12 автокөлік, 10 жер учаскесі және тұрғын емес үй-жай. Қылмыстық іс сотқа жолданды.