Қызылорда облысында полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той шеруіне қатысушыларды анықтады. 15 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
ҚР ІІМ «Новости ІІМ РК» Telegram-арнасында хабарланғандай, шеруге қатысушылар қарсы бағытқа шығып, жолда авариялық жағдай туғызып, пиротехника қолданған. Оқиға 23 тамызға қараған түні Жаңақорған ауданында болған. Көліктердің бірінде «Братва жениха» деген жазу болған.
«Барлық қатысушылар анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың 21 бен 35 жас аралығындағы 15 адам — Жаңақорған ауданы, Алматы және Жамбыл облыстары, сондай-ақ Шымкент тұрғындары екені анықталды. Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде 13 жүргізуші және екі жолаушы бар», — деді ведомствода.
Құқықбұзушыларға қатысты 56 әкімшілік іс қозғалды. Олар қарсы бағытқа шыққаны, авариялық жағдай туғызғаны, қауіпті маневр жасағаны, жүргізуші куәлігінсіз және техникалық ақауы бар көлікті басқарғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны, сондай-ақ елді мекенде пиротехниканы заңсыз қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен үш жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Қатысушылардың бірі бес тәулікке қамаққа алынды. Қалғандарына әкімшілік жаза қолданылды. Бес көлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық қатысушыға мұндай әрекеттердің жол берілмейтіндігі туралы ресми ескерту жасалды.
«Мерекелік шара ешкімге жол қозғалысының басқа қатысушыларын қауіпке тігуге құқық бермейді. Той шерулерінің жолда ешқандай артықшылығы жоқ. Заңды өрескел және әдейі бұзған әрбір кінәлі тиісті жауапкершілікке тартылады», — деді ІІМ өкілдері.


