Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Иван Гапичтің қайтыс болуына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жеделхатта Мемлекет басшысы Иван Гапичтің майданға өз еркімен аттанып, соғысты байланысшы болып өткенін атап өтті. Оралған соң ол көп жылдар бойы прокуратура органдарында қызмет етті.

«Жоғары адамгершілік қағидаттары бар, өз ісінің кәсіби маманы, ол әріптестері мен қоғам арасында лайықты беделге ие болды. Иван Степановичтің өмір жолы — отаншылдықтың, борыш пен антқа адалдықтың, әділдік мұраттарына беріктіктің лайықты үлгісі. Иван Степанович туралы жарқын еске алу біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», — делінген жеделхатта.

Иван Гапич Польшаны, Чехословакияны және Украинаны азат етуге қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде прокуратура органдарында қызмет етті. 2023 жылы оған Халық қаһарманы атағы берілді.