2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады, оның 1,8 млн-ы — жұмысшы кәсіптер бойынша. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысының айтуынша, кадр тапшылығы өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласында барынша сезіледі. Ол бүгінде Қазақстанда 763 колледж жұмыс істеп, онда 500 мыңнан астам студент оқитынын еске салды.
«Қажетті дағдысы бар, бірақ бейіндік дипломы жоқ адамдар үшін 22 кәсіби біліктілікті тану орталығы жұмыс істейді. Онда өз құзыретін ресми түрде растауға болады», — деді Тоқаев.
Президент Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасына жеке тоқталды. Жоба бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық кәсіптер бойынша қысқа мерзімді оқытуды көздейді — тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін.
«Үш жылда 22 мыңнан астам адам оқудан өтті, 60%-ы жұмысқа орналасты, шамамен 2 мыңы өз ісін ашты», — деп қосты ол.
Мемлекет басшысы осы табысты тәжірибені барлық өңірге таратып, әрбір қазақстандық өз орнын тауып, адал еңбекпен отбасын асырап, Отанға пайда келтіретін жағдай жасауға шақырды.
Бұған дейін «Курсив» Тоқаевтың тазалық, тәртіп және табиғатты сүю мәселелерінде тоқтап қалмай, босаңсуға болмайтынын айтқанын жазған.


