Қазақстан мен Әзірбайжан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің кездесуі қорытындысында белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке шақыртуы мен дәстүрлі қонақжайлығы үшін алғыс айтып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті Әзірбайжанның кеңес төрағалығы кезеңіндегі қызметіне қосқан елеулі үлесін, нақты бастамаларды ілгерілетуін және ұйымның халықаралық беделін нығайтуын жоғары бағалады.

Кездесу барысында мемлекет басшылары аймақ үшін бірегей жоба — Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңыздылығын атап өтті. Бұл желі екі елдің цифрлық байланысын нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық дәліздерді әртараптандыруды қамтамасыз етеді және бүкіл аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Тараптар сауда-экономикалық қатынастардың оң серпінін атап өтіп, өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу ниетін растады. Сондай-ақ қазақстандық энергия ресурстарын Әзірбайжан аумағы арқылы жеткізуді кеңейту және өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика мен ауыл шаруашылығында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың тұрақты нығайып келе жатқанын, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың кеңеюін, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылдың жандануын атап өтті.

Кездесу қорытындысында қазақ-әзірбайжан стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдетуге және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыруға өзара бейілділік расталды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзірбайжан мен Армения арасындағы татуласу үдерісін қолдағанын хабарлаған болатынбыз.