Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл автожолдарының құрылысына старт берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қазақстан Еуропа мен Азияны жалғайтын жетекші логистикалық торапқа айналуы тиіс екенін атап өтті. Жобаларды жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту жоспарлануда, бұл 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Магистральдар іске қосылғаннан кейін жүк ағыны 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді.

«Бас мақсат — елімізді Еуропа мен Азияны жалғайтын жетекші логистикалық тораптардың біріне айналдыру. Қазақстанда автомобиль тасымалы табыс деңгейі жағынан теміржол көлігімен теңесті», — деді президент.

Тоқаев барлық жобаны 2029 жылға дейін аяқтау қажеттігін, бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын мәлімдеді. Ол жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын Бейнеу – Сексеуіл трассасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл жол негізгі халықаралық көлік артериясына айналуы тиіс.

«Жоба Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерін Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк тасымалы қашықтығы 1 мың шақырымға, ал жеткізу уақыты 3 күнге дейін қысқарады», — деп қосты Тоқаев.

Қорытындылай келе, ол бұл бағытты «Арал-Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.