Анкарадағы Президент сарайында ресми сапармен Түркия Республикасына келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың мәліметінше, Қазақстан мемлекеті басшысының құрметіне құрметті қарауыл сапы тізілді. Сарайға келген кезде Қазақстан Президентінің кортежін атты гвардия ілесіп жүрді.
Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, осы сәтте 21 зеңбірік атысы жасалды.
Екі елдің көшбасшылары құрметті қарауыл сапын аралап өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін мемлекет басшыларының тар шеңбердегі келіссөздері басталды.


