Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринмен кездесті. Кездесуде футболды дамытудағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы испан клубымен табысты ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, ел заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базаларына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламаларына белсенді инвестиция салып отыр. Сонымен қатар еліміздегі футбол клубтарының басым бөлігін жекешелендіру жалғасып жатыр. Халықаралық футбол федерациясымен (ФИФА) бірлесіп барлық өңірлерде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испан футбол мектебінің жетістіктерін ерекше атап, талантты қазақстандық ойыншылардың жаңа буынын даярлау үшін озық тәжірибені зерделеп, қолдануға қызығушылық танытты.

Өз кезегінде «Атлетико Мадрид» бас директоры Мигель Анхель Хиль Марин Президентке елде футболды кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді. Ол сондай-ақ Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымына оң баға беріп, ол болашақта үздік футбол оқу-жаттығу кешендерінің қатарына енуі мүмкін екенін атап өтті.