Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бавария ландтагының төрағасы Ильзе Айгнермен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Берлинде Германияның жоғары басшылығымен өткен келіссөздердің сәтті әрі нәтижелі болғанын атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстан Президенті Баварияның қазақ-герман қатынастарын нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.
«Бавария Қазақстанмен сауданы ілгерілетуде және байланыстарды дамытуда аса маңызды рөл атқарады. Біз үшін Германия — ерекше серіктес. Германия Қазақстанның Еуропадағы және одан тыс жерлердегі стратегиялық серіктесі деп сенеміз, өйткені сіздердің ықпалдарыңыз, рөлдеріңіз бен жетістіктеріңіз Еуропаның шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Сіздер әлемдегі үшінші экономикасыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгіме барысында парламентаралық өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту перспективалары қозғалды.
Ильзе Айгнер Мемлекет басшысына Бавария ландтагына уақыт бөліп келгені үшін алғыс айтып, оның сапарының бағдарламасының тығыздығын ерекше атап өтті.
Ландтаг төрағасының айтуынша, Баварияда Қазақстанмен сауда-экономикалық, көліктік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктері мұқият зерделенуде.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге өзара мүдделілік расталды.


