Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі Филипп пен королева Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балалар реабилитация орталығында болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құрметті қонақтар әртүрлі даму бұзылыстары бар балаларға көрсетілетін кешенді көмектің қалай ұйымдастырылғанымен танысты. Оларға ерекше қажеттілігі бар балалардың қарым-қатынас дағдыларын, танымдық қабілеттерін және дербестігін дамытуға бағытталған медициналық, психологиялық-педагогикалық оңалту мен әлеуметтік бейімдеудің заманауи әдістері туралы айтылды.
«Жеке оңалту бағдарламаларында роботтандырылған реабилитация технологиялары да қолданылады. Орталық жұмысында әлеуметтік интеграция мәселелеріне және балалардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Король Филипп пен королева Матильда балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты. Соңында құрметті қонақтар Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды», — делінген Ақорда хабарламасында.
Ақорда дерегінше, Ұлттық балалар реабилитация орталығы күрделі психоневрологиялық аурулары, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, сөйлеу, танымдық және мінез-құлық бұзылыстары бар, оның ішінде балалар церебралды сал ауруымен және аутистік спектр бұзылыстарымен ауыратын балаларға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінен 5 мыңнан астам пациент оңалту қызметін алады.


