Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС саммиті аясында АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гормен кездесті. Әңгіме басында американдық өкіл мемлекет басшысына Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында АҚШ Президенті Дональд Трамптың жеке құттықтау хатын тапсырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентіне жылы лебізі үшін алғыс айтып, американдық көшбасшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Мемлекет басшысы кеңейтілген қазақ-американдық стратегиялық әріптестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың ерекше маңыздылығын атап көрсетті.
«Қазір Мәйамидегі G20 саммитіне қатысуға дайындалып жатырмын. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға да тамаша мүмкіндік болады деп ойлаймын. Біз өзара ынтымақтастығымызды ілгерілету үшін әдемі сөздерді емес, нақты істер мен практикалық қадамдарды қалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Серджио Гор өз кезегінде Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары арасындағы тығыз және сенімді байланыстардың арқасында екіжақты қатынастар бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
«Бүгінде елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Біздің Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен әріптестікті нығайтуға үлкен көңіл бөледі», – деді арнайы өкіл.
Кездесу барысында жасанды интеллект пен цифрландыру сияқты басым салаларға баса назар аудара отырып, бірлескен жұмыстың бірқатар маңызды бағыттары да қарастырылды.
Соңында әңгімелесушілер көпқырлы әріптестікті одан әрі кеңейтуге және өзара тиімді ынтымақтастыққа қосымша серпін беруге ұмтылатындарын растады.
Бұған дейін «Курсив» Тоқаевтың XVIII БРИКС саммиті аясында Абу-Даби мұрагер ханзадасы шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид әл-Нахаянмен кездескенін жазған болатын.


