Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында неміс теміржол концерні Deutsche Bahn (DB) басшылығымен келіссөз жүргізді. Кездесуде Қазақстан темір жолын жаңғырту, отандық өнімді Германия Федеративтік Республикасына жеткізу және Орта дәлізді (Транскаспий халықаралық көлік бағыты, ТХКБ) кеңейту мәселелері басты назарда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы Deutsche Bahn компаниясының республиканың көлік саласын трансформациялауға қосқан үлесіне жоғары баға берді. Атап айтқанда, DB Engineering & Consulting пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Қазақстандағы жолаушылар тасымалының сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жобасы туралы сөз болды.

Сонымен қатар президент қазақстандық өндірушілердің неміс алыбының жаһандық жеткізу тізбегіне кірігуінің маңыздылығын атап өтті. Ол үшін отандық кәсіпорындар Германия Федеративтік Республикасының стандарттары бойынша тиісті сертификаттаудан өтуі қажет.

Deutsche Bahn AG сатып алу жөніндегі директоры Ян Гроте Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстандағы жұмысына берген жоғары бағасы үшін алғыс айтып, серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.

Кездесуде DB Cargo Eurasia GmbH басшысы Андреас Любстың қатысуымен жүк бағытына жеке көңіл бөлінді. Қазақстан мен DB Cargo Eurasia контейнерлік тасымал көлемін одан әрі ұлғайта береді, бұл ретте Азия мен Еуропаны жалғайтын басты буынға айналған Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ / Орта дәліз) басты назар аударылады.

Келіссөз соңында тараптар логистикалық кешеннің барлық спектрі бойынша ұзақ мерзімді және жүйелі ынтымақтастықты дамыту ниетін растады.