Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысы жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға берік бейілділіктерін растап, екі ел үкіметтері өзара іс-қимылды кеңейтуге жағдай жасау жолында жұмыс істейтінін атап өтті.

Қазақстан Президенті атап өткендей, Германия республиканың негізгі сауда серіктестерінің және жетекші шетелдік инвесторларының қатарында. Өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау мен химия өнеркәсібін қоса алғанда, қосылған құны жоғары өнім шығару сияқты салаларда өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар.

Сонымен қатар көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Халықаралық құрылымдар, оның ішінде «Орталық Азия — Германия» форматы аясында өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаластыққа қол жеткізілді.

Одан әрі президент пен канцлер екі ел делегацияларының мүшелері қатысқан келіссөздерді жалғастырды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның стратегиялық серіктестігі берік саяси сенімге, өзара экономикалық мүдделерге және тығыз адами байланыстарға сүйенетінін атап өтті.

«Өткен жылы өзара сауда көлемі 4,5 млрд долларға жетіп, 13,4%-ға өсті. 21 жыл ішінде Германиядан келген инвестицияның жалпы ағыны 8 млрд долларға жетті. Германиялық инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің ерекше бақылауымызда екеніне сендіргім келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды. Атап өтілгендей, бүгінгі таңда бірлескен инвестициялық портфель жалпы құны шамамен 54 млрд долларды құрайтын 40 өнеркәсіптік жобаны қамтиды. Осы орайда Қазақстан Президенті Үкіметаралық жұмыс тобы мен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің жемісті әрі үйлесімді жұмысын атап өтті.

Мемлекет басшысы Германияның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы маңызды рөлін атап көрсетті. Оның айтуынша, елдің өнеркәсіптік қуаты, ғылыми мектебі және неміс халқының жауапкершілікпен еңбек ету мәдениеті халықаралық деңгейде жоғары беделге ие.

Қазақстан Президенті мен Германия канцлері білім және ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін де қарастырды. Тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапарының қорытындылары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолында одан да зор нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы канцлер Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.