Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда бұқаралық ақпарат құралдарына берген брифингі барысында осы елмен жаңа стратегиялық келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатын қарсаңда журналистердің Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың сипаты туралы сұрағына жауап берген Мемлекет басшысы екіжақты байланыстар мүлде жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті.

«Біз өткен жолды жоғары бағалаймыз. Белгілі болғандай, жүрген адам жолды бағындырады. Біз айтарлықтай қиын жолдан өтіп, үлкен табыстарға қол жеткіздік. Германия, өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде үлкен құрметке ие. Біз бұл елді жақсы көреміз әрі құрметтейміз, оның жетістіктерін, әсіресе экономикадағы, сондай-ақ басқа да салалардағы жетістіктерін лайықты бағалаймыз. Германия — халықаралық аренадағы абыройы зор мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткізу үшін үлкен үмітпен, үлкен сеніммен келдім. Біз бұл келісімдерге қол жеткіздік, енді оларды лайықты жүзеге асыру, орындау міндеті тұр. Сондықтан болашаққа көзқарасым айтарлықтай оң. Біз одан да үлкен табыстарға жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөздер барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне қолайлы кез келген уақытта мемлекеттік сапармен күтетінімізді айттым», – деді Қазақстан басшысы.

Бұған дейін «Курсив» Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцті республикаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын жазған болатын.

Сонымен қатар Тоқаев пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізгені хабарланған. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетті, ал соңғы 20 жылда Қазақстанға құйылған неміс инвестициясының жалпы көлемі 8 млрд долларды құрады. Кездесу қорытындысы бойынша президенттер бірлескен декларация қабылдады, ал Штайнмайер «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.