Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы неміс әріптесіне Германияға шақырғаны үшін алғыс айтып, жоғары деңгейдегі байланыстардың қарқындылығы екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық әрі жан-жақты сипатын көрсететінін атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Германия — республиканың Еуропадағы негізгі серіктесі. Екі елді берік достық пен өзара сенім байланыстары, сондай-ақ практикалық ынтымақтастықты дамытудың зор әлеуеті біріктіреді.

«Бүгінде қарым-қатынасымыз өрлеу үстінде сенімді дамып, барған сайын кең ауқымды қамтиды. Бұл оң динамикаға жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог ықпал етуде, оны екі ел үкіметтерінің жүйелі өзара іс-қимылы мен іскер топтардың байланыстары нығайтып отыр. Менің сапарым қарсаңында Берлинде өткен Үкіметаралық жұмыс тобы мен Қазақстан-Германия стратегиялық ынтымақтастық іскерлік кеңесінің отырыстары өзара тиімді серіктестікті одан әрі кеңейтуге деген ортақ ұмтылысты растады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

«2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 млрд долларға жетті. Биыл да оң динамика сақталуда. Ағымдағы жылдың жеті айында өзара сауда көлемі 2,6 млрд доллардан асты. Қазақстанда бүгінде неміс капиталы қатысатын 1400-ден астам компания тіркелген. 20 жылда Германиядан келген инвестицияның жалпы ағыны 8 млрд долларды құрады. Өзара іс-қимылымыздың жарқын мысалы ретінде CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde сияқты жетекші герман компанияларымен ынтымақтастықты атауға болады», — деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Келіссөз барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне жеке назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекет басшылары жоғары білім, медицина және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бейілді екендіктерін растады.