Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Берлинге келіп, Германия Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен тар шеңберде келіссөз жүргізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мемлекет басшысын қарсы алу рәсімі Германия Қорғаныс министрлігінде өтті. Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды, содан кейін құрмет қарауылы ротасының командирі сәлемдесу баянын оқып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Кейін Тоқаев пен Штайнмайер Германия Федералдық президентінің резиденциясына бет алды. Қазақстан Президенті құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.

Келіссөз барысында Тоқаев Штайнмайерге шақыртуы мен қабылдауы үшін алғыс айтты. Ол Германияны Қазақстанның Еуропадағы негізгі стратегиялық серіктесі деп атап, екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүдделерге негізделгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ 2027 жылы Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 35 жыл толатынын еске салды.

Штайнмайер өз кезегінде Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Германия Президенті ресми сапар екіжақты қатынастарға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Бұған дейін «Курсив» Германияға сапары барысында Тоқаев еуропалық капиталды қазақстандық қоса қаржыландырумен, кепілдіктермен және тәуекелдерді бөлу тетіктерімен біріктіретін Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржы платформасын құруды ұсынғанын жазған. Бірнеше жыл ішінде Қазақстанның Даму банкі өнеркәсіп, энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы жобалар үшін неміс қаржы ұйымдарынан 1,2 млрд доллардан астам қаражат тартты. Президент одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде аса маңызды материалдарды, жаңартылатын энергетиканы және «жасыл» сутегін атады.