Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен және ғылыми институттарының басшыларымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың екінші маңызды бағыты ретінде бірлескен ғылыми зерттеулерді атады. «Еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігуге ұмтылған Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған қатысушы ретінде қосылу туралы келіссөздерді бастады. Біздің еліміз жалпы бюджеті 300 миллион еуродан асатын Шикізат материалдары жөніндегі еуропалық серіктестіктің толыққанды қатысушысы болып отыр. TiBeRIUM жобасы — осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 млн еуро көлеміндегі қаржылық қолдауымен және Фрайберг тау академиясының үйлестіруімен басталған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Өскемен металлургия зауытын біріктіреді. Бұл жобаның мақсаты — титан мен бериллий үшін төмен көміртекті өндірістік тізбектерді әзірлеу. Бізге университеттерді, ғылым мен өнеркәсіпті біріктіретін, жеткізу тізбектерін нығайтатын және шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияларға көшуді қамтамасыз ететін дәл осындай ынтымақтастықты кеңейту қажет», – деді ол.
Президенттің айтуынша, серіктестіктің үшінші бағыты — технологиялар трансфері. Қазақстан ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін ұлғайтып, сонымен қатар компаниялардың университеттік зерттеулерге инвестиция салуына ынталандыру жасап жатыр. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен технологиялар трансфері орталықтарын ашуға шақырып, мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін білдірді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласына ерекше назар аударып, ол ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент ЖИ саласында сертификатталған дағдыларға қол жеткізді. Біз alem.cloud суперкомпьютерлік кластерін іске қостық, осы салада мамандандырылған зерттеу университетін аштық және аймақта алғашқылардың бірі болып ЖИ туралы заң қабылдадық. Бұл күш-жігердің барлығы озық суперкомпьютерлік технологиялармен толықтырылып отыр. Бұл неміс ғылыми мекемелерімен және өнеркәсібімен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Технологияға бейімделген жас буынымыз неміс компаниялары мен зерттеушілері үшін сенімді серіктес бола алады. Қазақстан өз тарапынан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологияларын сынақтан өткізу алаңын ұсына алады», – деп атап көрсетті ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен неміс зияткерлік дәстүрлерінің арасындағы тарихи байланысты да атап өтіп, ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының Иоганн Вольфганг фон Гётенің «Қаңғыбастың түнгі әні» өлеңін қазақ тіліне аударғанын еске алды. Оның айтуынша, бұл аударма екі халық арасындағы алғашқы зияткерлік көпірлердің біріне айналды.
Соңында мемлекет басшысы Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін екі елдің әлеуетін біріктіруге шақырды.


